Қазақстанда пробация қызметінің дербес заңнамасы әзірленеді

«КАЗГЮУ Университеті» АҚ Құқық жоғары мектебінде Еуропалық Одақ халықаралық сарапшыларының Қазақстандағы пробция қызметін дамытуға қатысты қонақ дәрісі өтті. 

«КАЗГЮУ Университеті» АҚ-ға қылмыстық құқықтанудағы Еуропалық Одақтың әлемдік сарапшылары келіп, пробация институтының даму тәжірибесімен бөлісіп кетті. КАЗГЮУ студенттерімен, оқытушыларымен болған кездесу «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын орындаудағы қамаудан шыққан және пробация қызметінде есепте тұрған азаматтарды әлеуметтік ақтау жүйесін тиімді құрастырудағы 33 қадамды жүзеге асыру аясында өтті.

Пробация қызметі туралы заңнаманы әзірлегендердің бірі Аблайхан Аккулев 2012 жылы Қазақстанда пробациялық бақылауда шартты түрде сотталғандар болса, қазіргі кезде бостандығы шектеліп, сотталғандар, шартты түрде сотталғандар, шартты-мерзімінен бұрын босатылғандар және әкімшілік қадағалаудағылар тұрғанын атап өтті. Пробацияның негізгі мақсаты – пробация есебінде тіркелгендердің қылмыстарды қайталап жасауын болдырмау. Қазақстанда пробация қызметін енгізу түрмеде отырғандардың санын азайту ғана емес, сонымен қатар қылмыстардың қайталануының азаюына мүмкіндік береді. Бүгінгі күні біздің елде пробациялық қызмет туралы дербес заңнама жасау қажеттілігі туындап отыр. Әлемнің барлық елдерінде пробацияның 4 қызмет үлгісі жұмыс жасайды: сотқа дейінгі, жазалаушы, пенитенциарлық және постпенитенциарлық.

А.Аккулевтің айтуынша: «2015 жылдың 1 қаңтарына Қазақстанда 2 пробацияның түрі бар. Бұл шартты-жазалаушы пробация мен постпенитенциарлық. Біз осы екі түрге сотқа дейінгі және пенитенциарлық пробацияны қосуды ұсынамыз. Жақын арадағы екі жылда Қазақстанда пробациялық қызмет туралы заңнама қабылдануы мүмкін. Онда пробацияның әлемдік тәжірибеге сүйенген 4 қызмет түрі де ескеріледі».

Оның пікірінше, жаңа үлгіні енгізу үшін Ұлыбритания, Нидерланды сияқты елдердің халықаралық тәжірибесін зерттеу қажет. Әрі КАЗГЮУ-ге шақырылған сарапшылар бұл мәселеде көмек көрсетпек.

Өз кезегінде Еуропалық Одақтың қылмыстық әділдік саласындағы халықаралық сарапшысы Лео Тигесс атап өткендей: «Қазақстан Үкіметі пробация қызметіне үлкен көңіл бөлуде. Пробация қызметінің Қазақстандағы дамуы үшін Ұлыбритания мен Нидерланды, Польша сарапшылары ҚР-ның Әділет министрлігі, Бас прокуратура, Жоғары Сот, ІІМ жүйесіндегі Қылмыстық атқару комитетімен және олардың оқу орындарымен бірлесіп, қызмет жасауда. Қолданыстағы екі пробацияға тағы екі түрлі пробацияны қосу жоспарлануда».

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда 2012 жылдың ақпанында «ҚР-ның пробация қызметі туралы кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу» Заңына сәйкес Пробация институты құрылған. Жаңа қылмыстық және Қылмыстық атқару кодекстерінде бостандығы шектеулі сотталғандар, шартты-мерзімінен бұрын босатылған сотталғандарға пробациялық бақылауды орнату, сотпен әкімшілік қадағалау бекітілгендерге әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету көзделген.