КАЗГЮУ Университетінің волонтер-студенттері Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастығының XIII форумына қатысты

Ағымдағы жылдың  3 – 4 қазанында Астанада «Еуразиялық кеңістіктің көліктік-логистикалық әлеуетін дамыту» тақырыбына Қазақстан мен Ресейдің Өңіраралық ынтымақтастығының XIII форумы өтті.

Қазақстан-ресейлік бизнес-форумға Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев және Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, сондай-ақ екі елдің мемлекеттік органдарының, квазимемлекеттік және ең ірі жеке компанияларының 1300 тарта өкілдері қатысты.

КАЗГЮУ Құқық жоғары мектебінің және Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының ынтымақтастығы аясында Заңтану, Халықаралық құқық мамандықтарының студенттері форумды ұйымдастыру мен өткізуге волонтер ретінде белсенді атсалысты.

Форумды ұйымдастыру мен өткізуде үйлесімді командалық жұмыс үшін КАЗГЮУ Университетінің волонтер-студенттері алғыс грамоталарымен марапатталды, сондай-ақ КАЗГЮУ Университетінің Ректоры Т. Нәрікбаевтың атына Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы Басқармасы Төрағасының алғыс хаты жіберілді.

Жоғары деңгейдегі іс-шараларға қатысу студенттерге халықаралық форумдарды, конферецияларды ұйымдастыру мен өткізу тәжірибесіне ие болуға, мемлекеттердің арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты жүзеге асыру төңірегінде іскерлік келіссөздердің негізгі кезеңдерін көруге мүмкіндік береді. Әрбір студентке командамен жұмыс істеу дағдыларын алу, ұйымдастырушылық қабілеттерді дамыту, жаңа адамдармен танысу, пайдалы байланыстарды орнату және жай студенттік өмірдің жағымды сәттерін еске алу үшін волонтер ретінде осындай шараларға қатысуға кеңес береміз.