Құқық жоғары мектебінің студенттері ағылшын құқығы бойынша «MOOT COURT» жұмысына атсалысты

КАЗГЮУ Университетінде Ұлыбританияның Жоғарғы Сотының үлгісі бойынша «MOOT COURT» сот тыңдалымы нысанында ашық сабақ (ойын сот процесі) өтті. Ашық сабақта Лондон қаласында екі және одан да көп адамның қаза болуына әкеп соққан жол-көлік оқиғасын жасаған Сауд Арабиясының азаматын айыптау бойынша іс қаралды. Сотталушы ағылшын құқығының нормаларына сәйкес салыстырмалы ұқыпсыздықты тануды сұрады.  

Ойын сот процесіндегі айыптау және қорғау тараптары өз көзқарастарын ағылшын доктриналар, орын алған оқиғалар, жарғылар, сондай-ақ құқықтық нормаларды түсіндіру қағидаларының көмегімен дәйектеді. «Ағылшын құқығының кейбір ережелерін Қазақстан Республикасының заңнамасына енгізуге байланысты Англия мен Уэльстің сот ісін жүргізу қағидалары мен құқық ерекшеліктерін зерттеу қажеттілігі туындады. Құқық жоғары мектебінің студенттері Англия мен Уэльстің құқықтық жүйелерін зерделеу барысында ағылшын құқығының қағидаларына негізделіп, азаматтық және қылмыстық істерді шешу құзыреттерін қалыптастырады», – деп Мемлекеттік-құқықтық пәндер кафедрасының аға оқытушысы Дина Сұлейменова өз сабағына қатысты түсініктеме берді.

«Moot Court» жұмысына Университет басшылары, Қазақстан Республикасының қылмыстық, азаматтық құқығы және процесі саласындағы жетекші мамандар қатысты.