КАЗГЮУ Университетінің командасы Калифорния Университетінен озып, халықаралық құқық саласындағы ең үздік командалардың жүздігіне енді.

Үстіміздегі жылдың 8-15 сәуір аралығында КАЗГЮУ Университетінің командасы халықаралық құқық саласындағы Филипп Джессоп атындағы ойын сот процестерінің (Philip C. Jessup International Law Moot Court Competition) ұлттық және халықаралық раундтарына қатысты.

Ф. Джессоп атындағы ойын сот процестері Халықаралық құқықтың студенттік қауымдастығы 1960 жылдан бастап АҚШ-тың Вашингтон қаласында (Колумбия округі) ағылшын тілінде Уайт энд Кейс (White & Case) халықаралық заң фирмасының қолдауымен өткізетін халықаралық құқық саласындағы ең беделді және танымал жарыс болып табылады. Осы жылы бұл жарыс әлемнің 80-нен астам елінен келген 630 команданың қатысуымен 58 рет өткізілді.

Осы жылы Қазақстан намысын КИМЭП Университетіне қарсы екі раунд қорытындысы бойынша ұлттық конкурстың жеңімпазы атанған КАЗГЮУ Университетінің командасы қорғайтын болды. Халықаралық раундтарда КАЗГЮУ Университетінің қарсыластары Ұлы Витаутас Университеті (Vytautas Magnus University, Литва), Калифорния Университеті (University of California – Hastings, АҚШ), Батыс Онтарио Университеті (University of Western Ontario, Канада), Люксембург Университеті (Université du Luxembourg) секілді беделді оқу орындарының командалары болды.

Нәтижесінде Ф. Джессоп атындағы 58-ші ойын сот процестерінің бас рейтингінде КАЗГЮУ Университетінің командасы Калифорния Университетінің командасынан озып және 2882 ұпай жинап, 91-орынға ие болды. Бұл ретте, жарыс рейтингінде КАЗГЮУ Университеті Universite Paris 2 – Droits de lhomme (Франция, 94-орын), Drexel University (АҚШ, 96-орын), Université de Genève (Швейцария, 110-орын) және көптеген басқа атақты шетелдік жоғары оқу орындарынан озып кетті.