Қоғамдық кеңес ҚР СІМ қызметі туралы есепті бекітті

Ү.ж. 29 мамырында ҚР Парламент Сенатының депутаты Бірғаным Әйтімованың төрағалығымен Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің қызметі мәселелері бойынша Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті, оның қорытындысы бойынша Министрліктің қызметі туралы есеп бекітілді.

ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Абдрахманов Кеңес мүшелеріне ведомствоның ағымдағы жұмысы туралы баяндаманы ұсынды. Министрдің кезекті есебі саудалық және экономикалық дипломатияны дамыту, сондай-ақ шетелдегі қазақстандық бизнесті қолдау мәселелеріне арналған еді.

Нақтырақ айтқанда, Министрлік өз қызметінде Елбасы Н. Назарбаевтың “Қазақстан-2050” стратегиясында, Бес институционалдық реформаны іске асыру бойынша “100 нақты қадам” ұлт жоспарында, Президенттің Қазақстан халқына арналған “Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсу, реформалар, даму” және “Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік” Жолдауларында белгіленген сыртқы саясаттың “үнемделуін” күшейту жөніндегі тапсырмаларын басшылыққа алатыны айтылды.
– Бұл ретте, сауда-экономикалық саладағы екі жақты және көп жақты қарым-қатынастар өзара пайда және Қазақстанның негіз қалаушы ұлттық мүдделерін қатаң түрде ұстану қағидаларына ғана құрылады, – деп белгіледі министр. 2005-2016 жылдар аралығында Қазақстанға 250 млрд. долларға жуық тікелей шетелдік инвестициялар тартылды, оның ішінде өткен жылы – 20,6 млрд. доллар, – деп хабарлады Қ. Абдрахманов.